Қадірлі “қартамыс блогшының” жас блогының оқырмандары! “Ақылы бар ит сүйекті жұтар алдын шығатын жерімен өлшеп алады”. Кезінде қаржыны алып, игере алмай қалған Коржова ханымға айтам деп, өкпелетіп алған сөз еді. (Қалтай ағамның сөзі ғой).

Айтайын дегенім ол емес. Айтпағым блогты бастап алып, толтыра алмай ертең қиналып қалудың да қаупі жоқ емес. Блог ашқан күні үсті-үстіне бірнеше post жазғанға ұдайы осы қарқынмен сілтей береді деп ойлап қалмаңыздар. Сәті солай болып тұр. Кейінге қалдырсам, суып кетуі мүмкін. Әңгіме бүгін болды. Мәжілістің жалпы отырысында ойда жоқта бөтен елдің мерекесімен, бөтен елдің мемлекеттік тілінде біртүрлілеу інімнің (23 февральмен) құттықтауы жүйкемізді қытықтағандай болды.

Сосын сөйледік. Бүй дедік: “Қадірлі әріптестер (яғни депутаттар)! Мен осы жерде отырып, «Құрметті әріптестер, ертең 24-ақпан – Мексика Туының күні, сол мерекемен құттықтаймын» десем, ақылға сыя ма?! Сыймайды. Я болмаса, «17-ақпан өтіп кетіпті, содан бері кездесіп отырғанымыз осы. Ендеше «Праздник фонарей Юаньсияо в Китае, я вас поздравляю» деп отырсам, ақылға сыя ма?! Әрине, сыймайды. Қазақстанның мерекелері белгіленген күнтізбесінде «23-ақпан» деген ешқандай мереке жоқ! Сонда қандай мерекемен құттықтап, не үшін қол шапалақтап жатырсыздар, түсінбедім?.. Тәңірберген, мен сені сыйлаймын, жақсы көрем, досымсың, інімсің! Бірақ сен тәуелсіз Қазақстан тұсында қалыптасқан азамат емес пе едің? Мұның не? Сен – Парламенттің депутатысың. Сіздер бір-біріңізді 23-ақпанмен, Валентин күнімен құттықтайсыздар ма, құттықтай беріңіздер. Бірақ тәуелсіз Қазақстандағы биліктің бір бұтағы заң шығарушы Парламент қабырғасында өзге елдің мерекесін ұлықтауымыз отарлық санадан арылмаған нашарлығымыздың белгісі. Көңілдеріңізге келмесін. Көшеде жүрген адам емессіздер. Сіздер – саясаткерсіздер!”.

Басқа да әңгімелер болды. Артынша қазақшаға жетік бола тұрып, сауалын орысша айтқан әріптестеріме сын айтып, жексұрын болдым (Е, қоя бер, көшке берген тайын алсын, кәйтеміз енді. Жүдә болмаған соң…).

Отырыстың соңында лифт ішінде әріптестерім Серік (Қонақбаев) пен Нұрланнан (Өнербай) қолдау естідім, енді бір әріптесім “Онда тұрған не бар, совет армиясының солдатымыз ғой?” деп салмасы бар ма. “Совет армиясы деген армия, ондай мемлекет жер бетінде жоқ қой” дедім. “Это ведь история” деді. Ал мен айттым: “23 февраля это не какая не история. Это день защитника Отечества Российской Федерации”. Ол мен жайындағы “дремучий”, “упертый” деген пікірін бекіте түссе керек. Мен де оны ішімнен жарылқап жатқам жоқ…

 

Advertisements