Жігіттер, қыздар! Мен кеше, яғни (25.02.2011) жұма күні түске дейін аса шұғыл шаруам болмаған соң (былайша шаруа табыла береді ғой, қазекемнің өзі «қайтыс болды» дегенді кейде «шаруасы бітті» деуі бекер емес), не істедім білесіздер ме? Аяғыма шаңғымды қыстырып алып, Есілдің үстімен сүрініп-қабынып, 3-4 шақырымдай (өзімше жүгірдім, бірақ сырткөзге) жүріп қайттым. Қара терге шомылып, бір рахаттанғаным-ай! Артынша шым-шым себезгі (душ) қабылдап, жұма намазда дыңдай боп тұрдым. Миым шайдай ашық. Рахат!  Күндікке сергек жүрдім. Айтайын дегенім…

Тән – жанға берген Аллаһтың аманаты. Ниет қылып, оны (тәнді) күту, майлау, сылау, бұлшық еттерін тірілту – бәрі ғибадатқа жатпақ. Сондай-ақ, атқа міну, жүзу, күресе білу, мергендік Пайғамбар (с.а.с) өнегесі. Яғни, сүннет. Күрестен басқасы қыздарға да артықтық етпейтін шығар.

Енді шаңғымен құр шапқылауға зауқыңыз соқпаса, мылтығыңызды асыныңыз да, қаланың шетіне қарай (бұл астаналықтарға арналған), «Учхоз» жақтағы отырғызылған көшеттердің арасымен жүріп отырсаңыз, қадам сайын астыңыздан қоян көтеріледі. «Бисмиллаһ» деп, тырс еткізіп атып алсаңыз, біріншіден, тамаша демалыс. Екіншіден, таңсық ас. Әмбе, халал, себебі «бисмиллаһ» деп аттыңыз. Үшіншіден, аңшы атанасыз да шыға келесіз. Аңшы атанып жүргендердің қырып жүргені шамалы. Істейтіндері – осы.

Айтпақшы, жалақымыз … болған себепті, әдеттегі «депутаттығымызбен» қараша жұртпен санасуды ұмытып кеткенім-ай. Айып болмасын. Шаңғы қайда десеңіз, тап қазір «Мегаспортта» қысқы тауарлар арзандап жатыр. Ерлен (көмекшім) айтады: барахолкада тіпті арзан деп. (Шаңғы шамамен төрт мың, таяғы үш мың, бәтіңкесі сегіздің маңында).

Мылтық алғыңыз келсе, қалалық не өзіңіз тұратын аудандық ішкі істер бөліміне барсаңыз, қару алуға қажетті құжаттардың тізімін қолға ұстатады. Есіңіз дұрыс, қағазыңыз түгел болса, болды, мылтықты аңшы атанасыз (жаңа мылтықтың бағасы – отыздың о жақ, бұ жағы). Қазақтың мән бермей жүрген нәрсесінің бірі – осы.

Түтінге шомған қаланың пәтерінде милығып жата бермей, Сарыарқаның саф ауасын жұтып, серуендеп қайтқан қазақ тау қопармаса да, ісін реттейді. Тегі болмаса, (Өркен кешір, сен түгілі, Абайға ауыз салып жіберетін кезіміз болады) «ақындығың» қозады. Мынаны қараңыз:

Қыс біткенде блогкер шығады аңға,

Талдан қоян қашады аңдығанға.

Пластик шаңғы, бытыра мылтық – бір ғанибет,

Ыңғайлы Nike киім аңшы адамға.

(Осы жазбам үшін «Мегаспорт» пен «Nike»-тан төмендегі бір іске демеушілік сұрап жіберсек пе екен?!)

P.S. Айтайын дегенім ол емес. Айтпағым, қыс бітіп қалмай тұрған кезде, Есілдің бойында шаңғышы-блогкерлер бәйгесін өткізсек. (Ұйымдастыру комитеті шаңғыны жалға «ақшаны судай шашып» (сағатына 200 теңгеден) өздері алмақ.) Бірінші, екінші, үшінші орынға жүлде бар. Бірақ Ақан серінің 150 жылдығына арналған Көкшетауда өткен түйе жарысындай болып жүрмесін. Екінші орын алған түйе ақсақ еді. «Бұ қалай?» дегенімізде, бәйгеге үш түйе қатысыпты, үшінші түйе артқа қарай қашып масқара қылыпты…

Advertisements