Естігенім еді. Есімде өшпестей қалыпты. Басында күлгем. Сосын қауіп алдым. Кейін жаным түршікті. Жан түкпірінде жатқан сұмдық қасіретті зілдің әзілмен әдіптелген түйінін айтқыш ақын, от тілді Ғафағаң (Ғафу Қайырбеков) әлгі мысқылы бүгінде әр ауыздан естіліп қалып жатыр. Оқиға 80-жылдары «Алматы» қонақ үйінің директоры болған атақты алаштың батыры Рақымжан Қошқарбаевтың қабылдауында болыпты.

Еркөңіл, сері Рахаңның кабинеті астана зиялы қауымының көңіл сергітер ұясы болыпты. Қонақүйге орналасқан елден келген шала бастық бір інісін ертіп кабинетке Ғафағаң кіреді. Сөйтіп, отырған қауымға әлгі азаматты таныстырмаққа кезек алған Ғафағаң айтады:

–Мынау менің бір ризығы мол бауырым. Тамаша жігіт! Таза азамат! Әй, Жәнібек, әй, Ақселеу! Мына сендер мәдениет, дәстүр, тарих деп жүрсіңдер ғой. Әй, Сырбай, әй, Қаукен! Мына ән, жыр, руханият деп жүрсіңдер ғой. Әй, жігіттер! Сендер шежіре, келешек, ұрпақ, қазақылық деп жүрсіңдер ғой! Мына інім ондай немелеріңіздің бірімен де шатағы жоқ. Сондай таза жігіт. Бұған малы түгел, бала-шағасы аман, мәшинесі зырылдап тұрса болды. Қақ-соқпен шаруасы жоқ. Тура мінезді, айттым ғой, тап-тазаның нақ өзі!

Отырған қауым ду ете түсіпті. Әлгі жігіт те мәз дейді. Басын шұлғып, ардақтылардың атын, затын танымаса да, әйтеуір тегін еместігін бағамдаған ол жайған дастарханына шақырыпты.

Ғафағаңның «тазалығы» бүгінде қанат жайып келеді. «Тап-тазалардың» тақымында бір-бір ат. Шөпкетамыр да, атқамінер де, негізінен «тап-тазалар». «Толарсақтан саз кешсе» кірлеп қалатындай көреді. Шешуші тетікке мамандар осы «тазалық» тұрғысынан екшелетінін көріп отырмыз.     

Advertisements