Сонымен… кеу-кеулеген інілердің қамшылауымен бастап жібердік. Блогты айтам. Сақалым сапсиып, орталарына кіріп келгенімді құп алып, қуанып құттықтаған ақниет бауырлардың жүрекжарды тілектері жадыратып тастағаны рас. Құдай көңілдерін көтергей! Енді бір ақжарқын інілерім әр пікірге жауап жазуымды өтінсе, қайсыбір бауырларым «аңқылдай бермеңізші, аға, арандап қаласыз ғой», – деп шынайы жанашырлық білдіріпті. Тағы бір «ньюәріптестің» саяси ұстаным мәселесінде жол нұсқағаны да өзінше қызық.
       Әркім өз жолын өзі таңдайды ғой. Десек те, түсініскенге не жетсін? Қайсыбір көзқарастарым ішінара, анда-санда, ілу де шалу, бірен-саран, некен-саяқ қандастарыммен қабыспай қалыпты. Осы орайда үш анықтың ізімен үш ақталу жаздым. «Болғанда іні зордан, аға бордан» деген ғой. Ақталмаққа компьютерге саусақ салдық. Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!

1-ақталу немесе Алдар жайлы аз-кем сөз

Мешкей деген жақсы ат емес демекші, қалай ақтасақ та, алдау – оңған етістік емес. Алдау – өтіріктің туысы. Өтірік – Хақтың дұшпаны (Дулат жырау). Сондықтан қазақтың оны кәсіп еткен жанға көрсетер құрметі пәлендей емес. Дәлел: ешкім баласына Алдар деп ат қоймапты. Алдар би емес, бай, батыр, бағлан да болған емес. Тілемсек деп жазғыру жарамас, алайда тамақ аңдығаны рас. Қанша епті болғанымен, ырыс жұқпаған кедейлігі де аян. Парасат иесі, аса данышпан деу де қиын. Советтік идеологияның оң жамбасына келе қалғаны да, осындай сипаттарынан болса керек. Кеңес тұсында Сәкен, Ілияс, Бейімбетке бұйырмаған кино Алдар Көсеге бұйырыпты.
    Алдарға қазақ дана, қағілез, ең болмаса пысық деген анықтама емес, «көсе» деген сөзді тіркеуі де біраз дүниені аңғартса керек. Көселік – жауапкершіліктен бас тартушылық. Себебі «сақалды басымен» келгенді, сөйлегенді сыйлау міндет. Оны білесіздер. Сондай-ақ, сақалдың әр талында періште отырады деген де қазақта таным бар (Хадис дейтіндер де бар. Бірақ молдалар сахих емес дейді). Ақылы кемел, жасы егде тартқан адамды тіпті сақал қоймаса да, қазакем «ақсақал» деп құрметтейтінін де білеміз (Әжімді, шашсыз, еңкіш, егде, тастырнақ, ақбас т.б.с.с. сипаттарын айту орынсыздан бұрын балағаттағандай естіледі ғой).
    «Көсені үйге кіргізбе, дүмін жерге тигізбе» деген сөз – Қ Р заңында емес, атақазақтың аузындағы сөз. Мақалды сөзге көрік десе, сақалды ерге көрік деп дәріптепті бабаларымыз. Меніңше, сыртқы көрінісінен гөрі де, бұл жерде періште куәда тұрған жауапкершілігіне баса назар аударғандықтан айтылса керек.

     Айтпағым…  Ал енді Алдар Көсені аферист деп қойғаным рас еді. Кей қандастың көңіліне келетін болса, осы сөзімді осыдан соң қайталамауға уәде берейін. Бірақ, Шығайбайдың да «положениесіне» кірейікші. Шықаңның (Шығайбайды айтам) бәйбішесінің илеп отырған қамыры, қызының жұлып отырған қазы бюджеттен қымқырған қазынаның қаржысы болса, Алдекеңдікі сауап. Ал ақадал малы болса ше? Бұл Шықаңның өзінікі болуы әбден ықтимал. Шықаң байқұстың образы дәу де болса «Ауқаты бар туғанды қайырсыз ит деп даттаған» біреудің креативті идеясы болса керек (Жай гипотеза ғой). Ал Бізбике Шығайбаевнаға келер болсақ, «Махаббат тәлкегіне» ұшырардай не жазығы бар еді? Қысқасы, Алдекең екеуміздің арамыз пәлендей емес.
     Қалжың ғой! Түсінерсіздер. Айтайын дегенім… Алдекең үшін маған ренжімеңіздерші!  Одан да қазақ тарихында орны да, рөлі де Алдар Көседен әлдеқайда жоғары небір тұлғалардың адресіне қайдағы жоқ сөзді айтқан кісілерге бірге ренжиікші! (Қызық, «ренжиікші» деген де ұран болады екен). Қажет деп тапсаңыздар блогтың архивіне енгізейін сол сауалдарды. Абай, мемлекеттік тіл, ұлттық дүниетаным мәселелері.

2-ақталу немесе «айтпаса сөздің атасы өледі»

    Түнеукүні әріптесіме айтқан сын аяқ астынан туындаған лепес болатын. Арнайы дайындалған ештеңем жоқ. Бәрі шулап кеткен соң, блогқа қыстыра салған едім. Орыс тілді интернет-басылымдар мені біраз балағаттап, күнәмді төгіп бағыпты (Аллаһ қайырлы қылсын!). Өз қандастарымның арасында бұндай көзқарасыма наразы жандар барын білгенімде таң қалдым. Қоңырайып қалдым.
Қызық! Темекі харам деп өзің таныған бір шындықты айтсаң, «Оны қайтесің? Нашаның харамдығын айтпайсың ба!?» дейді біреулер.
– Ал наша харам ендеше!
– «Ей, қойшы, атаңды аздырған арақтай зиянды болмаған. Кім қайдан табарын білмейтін қайдағы жоқты елдің есіне салып. Түһ, неткен жансың өзің!?
– Ендеше арақ жаман дейінші!..
– Арақ бидайдан жасалған. Онда тұрған сонша не қасірет бар? Суицид тұрғанда соны да сөз деп…
– Ал суицид!..
– Түһ. Мынауың таза қырт қой. Елдің бәрін жауыр қылған әңгімені тағы қоздатып…
 Жалпы осы. Айтайын дегенім… Атым астымды, астым атымды жақтырмаған бір сұмдық жайсыз жағдай жаулап алды. Если ышто, кешіріңіздер, сөздің атасы өлмесін дегем… Енді бұдан былай өйтпеуге тырысайын.

3-ақталу немесе шаңғы шатаққа бастамасын

    Питердегі пәтерінде отырған кәрі декабристка сырттағы шуды естіп, не екенін сұрапты.
 – Революция! – депті.
 – Талабы не екен?
 – Байлар құрысын! – деп жатыр.
 – Қызық екен. Біз «бәріміз бай болайық, кедейлік құрысын!» деп көтеріліс жасап едік, – деп таңданыпты.
    Айтайын дегенім ол емес. Аузымнан қағынып (өзімде де бар! Не ақым бар десейші?) шаңғының бағасын айтып қалып едім, буржуазияның безбүйрек өкіліне шебер түрде бір бауырым ұқсатыпты да жіберіпті. Алайда төрт мың теңгенің шаңғысына кеңес бергеніме ренжіген қандас, қырық мың долларға арзандатылған автомобильдің де жарнамасына күнде куә болып жүргенде не жаны жүр екен?! Енді осы жарнамашыларды жазғыру орынды ма? Аллаһ нәсібе беріп, бұйыртса, сізге де, бізге де бұйыруы әбден ықтимал дүние. Ылайым (Иллаһи, әминнен шыққан) солай болғай. Одан да жақсысы бұйырсын әр қазаққа, ИншаАллаһ!
   «Дүниенің барлық байлығы (бұл жерде материалдық байлық) Аллаһтың алдында масаның сынық қанатына татыса, мен кәпірге бір тамшы су бермес едім ғой!» – депті Жаратушы Тағала. Байлық, мәнсап, мүмкіндік, басқасын Аллаһ Тағала кез келген құлына бере салуы мүмкін. Ал «ИМАН – тек қана сүйген құлымның еншісі» депті Мінсіз Хақ Тағала!

     Айтайын дегенім, сабыр қылса, кедейге кедейлік, шүкір етсе, байға байлығы қайырлы болмақ. Байдан қайыр, кедейден сабырдың кетуі – қоғамдағы бүлікке бейімдейді. Қандай да бір бүлікке себеп болу аса ауыр күнәлардан дейді ғұламалар.

Уай, қайран қазағым-ай! Өзіңнен сөз артылған ба?! «Кәпір тоқ болса, мұсылман тыныш» депсің!      Астағфируллаһ!